16.06.2026 күні мектебімізде 9-сынып оқушыларына негізгі орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл күн – оқушылар үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де ерекше әрі есте қаларлық сәттердің бірі болды. Тоғыз жыл бойы білім алып, талай белестерді бағындырған түлектер бүгін өз еңбектерінің жемісін көріп, алғашқы маңызды құжаттарының бірі – аттестатқа ие болды.
Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Қарлығаш Мұхамеджанқызына мектеп өміріне әрдайым қолдау көрсетіп, оқушыларымыздың қуанышты сәттеріне ортақтасып жүргені үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Аттестат табыстау салтанатының жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесіңіз, мектепке деген жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңыз үшін зор ризашылығымызды жеткіземіз. Сіздің қолдауыңыз көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына себеп болып келеді.
Салтанатты шара барысында мектеп әкімшілігі түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі. Оқушылардың жетістіктері атап өтіліп, олардың білімге деген құштарлығы мен белсенділігі үшін алғыс айтылды.
Құрметті түлектер! Сіздер үшін жаңа өмір кезеңі басталуда. Алдарыңыздан ашылатын мүмкіндіктер мол болсын, таңдаған жолдарыңыз сәтті болып, биік белестерді бағындыра беріңіздер! Армандарыңыз орындалып, білім мен еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге жете беріңіздер!
Ақ жол, жас түлектер!